Қазақстандағы аэробикалық гимнастика соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Бар-жоғы бес жыл ішінде еліміз бұл спорт түрінде алғашқы қадамдардан бастап, халықаралық жарыстардағы жүлделі орындарға дейін жетті. Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Диана Жәкішeва команданың қазіргі жетістіктері, даму деңгейі және әлемдік аренада жоғары бағаланып жүрген бағдарламалар туралы кеңінен әңгімелеп берді.
– Қазақстанда аэробикалық гимнастика дамып келеді. Алайда бұл спорттың ерекшеліктерін кең аудитория әлі толық біле бермейді. Қысқаша сипаттап өтсеңіз, басты ерекшелігі неде?
– Аэробикалық гимнастика — бұл жай ғана спорт емес, ол дене үйлесімі, ырғақ пен эмоция философиясы. Негізгі ерекшеліктері — жоғары қарқын (минутына 120-160 соққы), гимнастикалық (акробатикалық) элементтер мен хореографияның үйлесімі, спорттық гимнастика элементтері және командалық жұмыс. Бағдарламаларда жекелей, жұптық, трио, бес адамға дейінгі топтар, сондай-ақ сегіз адамнан тұратын денс санаты бар. Мұнда өзара ынтымақтастық пен креатив айқын көрінеді. Орындау тазалығы, қозғалыстың нақтылығы, синхрондылық өте маңызды, бірақ сонымен қатар спортшының жан-дүниесі, әртістік шеберлігі сезілуі тиіс.
– Қазақстандағы аэробикалық гимнастиканың қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз?
– Біздің деңгей тұрақты әрі қарқынды өсіп келеді. Алғашқы қадамдардан жүйелі дамуға көштік. Оған қоса, Қазақстан чемпионаттары мен Кубоктары өтеді. Сонымен қатар жасөспірімдер мен юниорлар арасында Азия және әлем чемпионаттарына іріктеу турнирлері ұйымдастырылып, білікті жаттықтырушылары бар мектептер жұмыс істейді. Юниорларымыз Азия турнирлерінде жүлдеге қол жеткізе бастады.
Әрине, біз әлі әлемдік көшбасшылар қатарында емеспіз, бірақ соңғы 5-7 жылмен салыстырғанда айтарлықтай серпіліс жасадық. Еуропа мен Азияда Қазақстанды таниды. World Gymnastics ұйымы аясындағы жарыстарда жүлделі орындар алып жүрміз. Көптеген маман біздің бағдарламаларды атап өтіп, тәжірибе алмасуға қызығушылық танытуда. Сонымен қатар тұрақты оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық тағылымдамалар өткіземіз. Әлсіз тұсымыз — ересек спортшыларды (сеньорлар) дайындау үшін арнайы құрал-жабдық пен қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Жалпы деңгейімізді «жақсыдан жоғары» деп бағалар едім. Әлеуетіміз өте зор.
– Қазіргі таңда Қазақстанда аэробикалық гимнастиканың негізгі даму орталықтары жайлы айтсаңыз?
– Негізгі орталықтар — Астана мен Алматы, яғни аэробиканың «астаналары». Астанада аэробикалық гимнастика федерациясы орналасқан және бұқаралық деңгейі өте жоғары. Алматыда Қазақстан құрамасының базасы – Диана Жәкішеваның аэробикалық гимнастика мектебі жұмыс істейді. Сондай-ақ Сәтбаев пен Қарағанды қалаларында да бұл спорт түрі дамып келеді.
– Маусымдағы басты жетістіктерге тоқталсаңыз.
– 2024/2025 маусымын жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты мен жас санаттары бойынша әлем біріншілігінен бастадық. Нәтижелер жаман емес: топ-17 қатарына ендік. «Соло» санатында 40 қатысушының ішінен спортшымыз 17-орын алды, трио бойынша 15-орында болдық. Бұл – орташа нәтиже, ең бастысы тәжірибе жинадық.
Кейін Прагада өткен юниорлар арасындағы жарыста 20 команданың ішінен төртінші орынға ие болдық. 9-11 жас санатында аралас жұптар мен ұлдар арасындағы «соло» бағдарламасында бірінші орын алдық.
Лондонда өткен халықаралық турнирге 10 ел қатысты. Онда да 9-11 жас санатындағы жекелей бағдарламаларда жеңіске жеттік. 12-14 жас санатында трио — бірінші, топтық — үшінші, денс бағдарламасы бойынша екінші орынға ие болдық.
Жаңа маусымды бастадық. Оңтүстік Кореяда өткен турнирде екі трио екінші және үшінші орын алды, ал денс бағдарламасында қола жүлде иелендік. Қазір Азия және әлем чемпионаттарына қызу дайындық жүріп жатыр.
– Қазақстанның аэробикалық гимнастика құрамасы бүгінде қандай деңгейде? Оның жасы мен тәжірибесі жөнінде не айта аласыз?
– Бар болғаны бес жыл ішінде ұлттық құрамамыз өте лайықты деңгейге жетті. Осы уақыт ішінде халықаралық аренада тәжірибе жинап, елімізді таныта алдық. Бүгінде көптеген ел біздің бағдарламаларға қарап бой түзейді. Себебі қойылымдарымыз ерекше әрі әдістемеміз қызықты.
Халықаралық жарыстарға жиі қатысуымыздың арқасында бәсекеге қабілетті екенімізді көрсеттік. Қазірдің өзінде жүлдегерлер қатарына кіріп жүрміз, сондықтан мақсатымыз да жоғары — юниорлар арасында әлем чемпионатының финалына шығу. Бұл біз үшін үлкен жетістік болар еді.
Халықаралық тәжірибе, үздік мамандармен жұмыс істеу және төрешілер санының артуы даму үрдісіне оң әсер етуде. Мысалы, мен үшінші санаттағы халықаралық төрешімін. Сондықтан бағалау тұрғысынан кемшіліктерді бірден түзетіп, дайындық процесіне өзгерістер енгізе аламын. Бұл — өте маңызды фактор.
– Осы спорт түрінде спортшыға қандай қасиеттер аса қажет?
– Аэробикалық гимнастикада жылдамдық, күш пен төзімділік өте маңызды, себебі жаттығулар өте жоғары қарқында орындалады. Сонымен қатар жарылғыш күш қажет. Бұған қоса әртістік мен командалық бірлік жоғары бағаланады. Өйткені көптеген бағдарлама топпен орындалады. Спортшы құрамға бейімделіп, синхронды түрде жұмыс істей білуі тиіс.
– Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы ретінде басты назарды қай бағытқа аударасыз?
– Менің басты мақсатым – ересектер спортын дамыту. Сеньорларды тәрбиелеп, болашақта ересектер арасындағы әлем чемпионатына, сондай-ақ Дүниежүзілік ойындарға қатысқымыз келеді. Қазірге дейін спортшыларды юниорлар деңгейіне жеткіздік. Алдағы бір жылда алғашқы сеньорлар құрамасы пайда болады деп үміттенеміз.
Алғашқы жылдары басты назарды балаларға аударсам, қазір ересек спортшыларға көңіл бөлемін. Балаларға негізгі әдістемені асықпай, сапалы түрде береміз, элементтерді дене бітімі қалыптасқаннан кейін үйретеміз. Бұл жарақаттың алдын алып, спорттық өмір жолын қамтамасыз етеді. Біздің мақсат — қысқа емес, ұзақмерзімді нәтиже.
– Аэробикалық гимнастикада көшбасшы елдерді атап өтсеңіз?
– Еуропада – Венгрия, Азияда – Жапония мен Қытай (әсіресе сеньорлар арасында). 9-11 жас санатында біз қазірдің өзінде әлемдік төрттікке кіріп отырмыз, бізді мықты атлеттер ретінде таниды. Ендігі мақсат — осы дарынды спортшыларды сақтап, өсіру. Юниорлар арасында бәсеке күштірек, ол үшін білікті төрешілер мен тәжірибе қажет. Кейбір World Gymnastics турнирлерінде біз алғашқы төрттікке еніп жүрміз. Әлем чемпионатында финалға шығуды көздейміз.
– Қазақстан мен алдыңғы қатарлы елдер арасындағы айырмашылық қандай және оны қалай қысқартуға болады?
– Біз өте жылдам дамып келеміз. Бес жыл ішінде үлкен жолдан өттік. Қазір оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға бару көбіне ата-аналардың қаржысына байланысты. Айырмашылықты қысқарту үшін қаржыландыруды арттыру қажет. Сонда дарынды балаларды толық іріктеу мүмкін болады. Қазір мүмкіндігі барлар ғана халықаралық жарыстарға шығады. Ал көптеген дарынды балалар сыртта қалып отыр. Бұл – назар аударуды қажет ететін, бұқаралық әрі болашағы зор спорт түрі.
– Халықаралық ережелердегі өзгерістер дайындық жүйесіне қалай әсер етті?
– Барлық гимнастика түрлерінде ережелер өзгерді. Қазір басты назар орындау тазалығы мен элементтердің сапасына аударылады. Алдымен таза орындау, содан кейін қойылым бағаланады. Айта кету керек, көптеген ел бағдарламаларын шетелде құрады. Ал біз Қазақстанда өзіміз дайындаймыз. Соған қарамастан, біздің бағдарламаларымыз әлемде жоғары бағаланып отыр.
– Алдағы маусымға қандай міндеттер қойылды?
– Қазір Португалияда өтетін FIG турниріне (юниорлар) дайындалып жатырмыз. Бұл – әлем чемпионаты алдындағы маңызды сынақ болмақ. Содан кейін қателеспесем, Үндістанда Азия чемпионаты өтеді. Ең басты жарыс — 2026 жылы Испанияда өтетін әлем чемпионаты. Қазірдің өзінде дайындықты бастап кеттік, юниорлар мен age-group құрамын апарамыз.
– Ұлттық құрамаға өту үшін жас спортшы қандай қасиеттерге ие болуы керек? Құрама қалай жасақталады және қазіргі көшбасшылар кімдер?
– Қазіргі таңда көшбасшы – Алматыдағы Диана Жәкішеваның мектебі, негізгі ұлттық құрама осында дайындалады. Құрамаға кіру үшін ең бастысы – ата-ананың жаттықтырушыға деген сенімі болуы қажет. Жаттығулар аптасына алты күн, күніне 4-5 сағаттан өтеді. Ал демалыс пен жиын кезінде — күніне екі рет. Жарыстарға өте тиянақты дайындаламыз. Қаржыландыру болмағандықтан, құрама халықаралық жарыстарға, соның ішінде Азия және әлем чемпионаттарына ата-аналары төлей алатын спортшылардан жасақталады. Бұл — біздің ең үлкен мәселеміз.


Бас серіктес — «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ
Серіктес — Sport Qory спортты қолдау қоры
