kkruКазахстанская федерация гимнастики

Спорттық гимнастика

«Гимнастика» термині шамамен б.з.д. V ғасырда Ежелгі Грекияда білім беру, әскери өнер және денсаулық үшін арналған жаттығулар жиынтығы дегенді білдірген. Ежелгі гректер гимнастика денеге ептілік, күш, шапшаңдық, сымбаттылық, әсемдік береді, сондай-ақ адамда батылдық пен асыл сезімдерді дамытады деп есептеген. Гректер гимнастикалық жаттығуларды тек денені шынықтыру үшін ғана емес, сонымен қатар әскери дайындық мақсатында да қолданған.

Ежелгі Римде легионерлерді шайқасқа дайындау үшін арнайы аттар пайдаланылып, оларды арнайы бөренелер арқылы жаттықтырған. Гладиаторлар мектептерінде гимнастика қозғалыс шапшаңдығын жетілдіруде және жауынгердің төзімділігін арттыруда маңызды рөл атқарған. Қайта өрлеу дәуірінде гуманистер жастардың дене тәрбиесі мен жан-жақты дамуына ерекше мән беріп, гимнастиканы жоғары бағалаған. XVI ғасырда гимнастика саласындағы көрнекті маман И. Меркуриалис өзінің «Гимнастика өнері туралы» атты еңбегін жарыққа шығарды.

Гимнастиканың практикалық және теориялық негіздерін қалаушылар — неміс педагогтары И.Фит (1763-1836) және Ф. Гутс-Мутс (1759-1839). Олар гимнастикалық қозғалыстардың биомеханикасы жөнінде түсінік беріп, заттармен орындалатын гимнастикалық қозғалыстардың әдістемесін жасап, дайындады.

Швед гимнастикасының негізін қалаушылар — әкелі-балалы П. Линг (1776-1839) және Я. Линг (1820-1886) жаттығуларды анатомиялық белгілері бойынша жіктеп, гимнастикаға әртүрлі өлшемдегі баспалдақтар мен бөренелер сияқты жаңа құралдарды енгізді.

 

Ережелер
Гимнастика бойынша жарыс бағдарламалары

Ерлер арасындағы спорттық гимнастика жарыстары алты гимнастикалық снарядта өтеді: еркін жаттығулар, гимнастикалық ат, сақиналар, қол тіреп секіру, қоссырық және керме. Ал әйелдер арасында төрт снарядта: қол тіреп секіру, қоссырық, бөрене және еркін жаттығулар.

Еркін жаттығулар — әртүрлі элементтерден (домалау, сальто, шпагат, қол тіреп тұру және т.б.) және олардың байланыстарынан құралған, әр темп пен көңіл күйде орындалатын комбинация. Орындау барысында спортшылар кілемнің барлық аумағын қамту керек. Бағалау кезінде бағдарламаның және оның жекелеген элементтерінің күрделілігіне, сондай-ақ орындаудың тазалығы мен сенімділігіне көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, қойылымның өзіндік ерекшелігі мен гимнасттың әртістігі аса маңызды — әсіресе әйелдерде, олардың өнер көрсетуі музыкалық сүйемелдеумен өтеді және билік па элементтерін қамтиды. Бұл жағынан ол көркем гимнастика жаттығуларына ұқсайды. Кілем үстіндегі өнер көрсету уақыты шектеулі: ерлерде — 1 мин 10 сек, әйелдерде – 1,5 минут.

Ат снарядындағы жаттығулар (тұтқалары бар арнайы снаряд) сермеу және айналмалы қозғалыстардың, сондай-ақ қол тіреп тұру элементтерінің комбинациясы. Спортшы жаттығуларды орындау кезінде снарядтың барлық бөліктерін қолдануы тиіс.

Сақиналардағы жаттығулар (екі арқанға бекітілген ағаш сақиналар түріндегі қозғалмалы снаряд) сермеу элементтердің (көтеру, айналулар, бұралулар) күштік элементтермен (статикалық және динамикалық) үйлесуінен тұрады және спортшының физикалық күшін көрсетеді. Ережеге сәйкес, жаттығуды аяқтағанда сақиналардан акробатикалық мәнерде секіріп түсу қажет. Кермедегі жаттығулардағыдай, сақиналарда бастапқы қалыпты алу кезінде спортшы бапкердің немесе көмекшінің көмегіне жүгіне алады.

Қол тіреп секіру алдымен жүгіруден басталып, кейін арнайы трамплиннен аяқпен серпіліп, секіру атына қолмен тірелу арқылы орындалады (осыған байланысты жаттығу осылай аталады). Спортшы арнайы жолақпен екпін ала жүгіріп келіп, трамплиннен серпіле көтеріліп, содан соң қолдарымен снарядқа тіреле отырып алға қарай секіреді. Секірулер түзу, сальто, айналмалы және т.б. болуы мүмкін. Финалдық жарыстарға өту үшін гимнаст екі түрлі секіру әдісін орындауы қажет, олардың нәтижесі бойынша жаттығудың орташа ұпайы жарияланады. Бағалау кезінде секірудің биіктігі мен қашықтығы, оның күрделілігі (ұзындық және көлденең өсі айналасындағы айналулар саны және т.б.), орындау тазалығы мен жерге түсудің дәлдігі есепке алынады.

Қоссырықтағы жаттығулар. Әйелдердің қоссырықтағы жаттығуларына ең алдымен жоғары және төменгі қоссырықтың айналасындағы екі бағыттағы айналулар, сондай-ақ бір және екі қолмен ұстау арқылы бойлық және көлденең өстер айналасында орындалатын түрлі техникалық элементтер кіреді. Ерлер арасындағы қоссырықтағы жаттығулар — динамикалық (айналулар, сермеу қозғалыстары және т.б.) және статикалық (қоссырыққа тірелу, қолмен тірелеп тұру) элементтердің үйлесімін қамтиды. Гимнаст снарядтың бүкіл ұзындығын пайдаланып, қоссырықтың үстінде және астында жұмыс істеуі керек. Жаттығу акробатикалық мәнердегі секірумен аяқталуы тиіс.

Кермедегі жаттығулар — керме айналасындағы әртүрлі бағыттағы айналулар мен бұрылыстардан, сондай-ақ қолды жіберіп орындалатын «ұшып өту» элементтерінен құралған күрделі комбинация. Жаттығу кезінде спортшы денесімен кермеге тиіп кетпеуі тиіс. Ол әртүрлі ұстау тәсілдерін және оларды таза әрі анық ауыстыруды көрсетуі керек. Жаттығу міндетті түрде акробатикалық секірумен аяқталуы қажет.

Бөренедегі жаттығулар — динамикалық (секірулер, бұрылыстар, жүгірулер, сальто, билік па және т.б.) және статикалық (шпагаттар, тепе-теңдік және т.б.) элементтерден құралған біртұтас комбинация, олар снарядтың үстінде тұрып, отырып және жатып орындалады. Спортшы қыздар бөрененің бүкіл ұзындығын пайдалануы керек. Төрешілер гимнастардың икемділігіне, тепе-теңдік сақтауына және әсемдігіне баға береді. Өнер көрсету ұзақтығы — 1 минут 30 секундтан аспауы тиіс.

Төрешілік және ұпай есептеу 

Гимнастардың өнерін сол немесе басқа снарядқа жауапты төрешілер құрамы бағалайды.

Төрешілер екі топқа бөлінеді. Екі төреші (А тобы) жаттығудың күрделілігін бағалайды. Ал, тағы алты төреші (В тобы) орындау техникасы мен сапасын 10 ұпайлық өлшеммен бағалайды. Спортшы өнер көрсеткен кезде техникалық элементтерді жедел түрде тіркеу үшін төрешілер 1000-нан астам арнайы стенографиялық белгі түріндегі жазу таңбаларын қолданады. Соңғы баға А және В топтары қойған екі бағадан құралады.

Ережеге сәйкес, қоссырық, сақиналар және кермедегі жаттығуды орындау кезінде снарядтың жанында спортшыны сақтандыру үшін көмекші тұра алады, бірақ егер гимнаст оның көмегін пайдалануға мәжбүр болса, онда спортшыдан автоматты түрде 0,8 ұпай шегеріледі. Кілемнің шет сызығынан (еркін жаттығуларда) немесе қол тіреп секіру сызығынан асып кету, сондай-ақ өнер көрсету барысында уақыт шектеуін бұзғанда да 0,1-ден 0,5 ұпайға дейін шегеріледі.

Ұсынылған бағдарламаның күрделілігін А тобының төрешілері бағалап, бірлескен жалпы баға қояды. Ал орындау техникасын қадағалайтын В тобының төрешілері өз бағаларын бір-бірінен тәуелсіз береді: ең жоғары және ең төменгі бағалар алынып тасталып, қалған төрт бағадан орташа ұпай есептеледі.

Командалық жарыстар кезінде және абсолюттік біріншілікті анықтауда команда немесе жеке спортшының әртүрлі жаттығулардан алған бағалары қосылады. Соның негізінде қорытынды баға шығарылады. Ең көп ұпай жинаған гимнаст немесе команда жеңімпаз деп жарияланады.

Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарының командалық есебіндегі іріктеу жарыстарында «6-5-4» нұсқасы қолданылады. Әр командадан жарысқа 6 спортшы қатысады, снарядта олардың бесеуі өнер көрсетеді, бірақ тек үздік төрттіктің нәтижесі ғана есепке алынады. Ал финалдық жарыстарда «6-3-3» нұсқасы қолданылады.

Командалық жарыстарда, сондай-ақ жекелей сайыстарда (абсолюттік және жекелей жаттығулар бойынша) спортшыға әр снарядта тек бір рет қана өнер көрсетуге мүмкіндік беріледі. Ерекшелік — қол тіреп секіру.

Жарысқа қатысушылар әр снарядтағы жаттығуларының мазмұнын өздері анықтайды. Бірақ, олардың өнер көрсетуі қолданылатын техникалық элементтердің түрі мен күрделілігіне қойылатын қолданыстағы талаптарға сәйкес келуі керек.
Әр жаттығу үш бөліктен тұрады: басталуы, негізгі бөлігі және аяқталуы (секіру).

Жарыс формуласы, жеңімпазды анықтау — Формула соревнований, определение победителя

Спорттық гимнастика бойынша ірі халықаралық жарыстар төрт кезеңнен тұрады:
— Гимнастар мен командалар арасындағы іріктеу (немесе алдын ала) кезеңі, оның нәтижесі бойынша финалға өтетіндер анықталады;
— Командалық финал — іріктеу нәтижесі бойынша үздік 8 команда (ерлер мен әйелдер бөлек) арасында өткізіледі;
— Жекелей есептегі абсолюттік біріншілік — 24 үздік спортшы арасында сарапқа салынады;
— Жекелей жаттығулар бойынша біріншілік — алдын ала өткен кезеңде сол немесе басқа жаттығуда үздік нәтиже көрсеткен 8 спортшы арасында өткізіледі.

Ірі жарыстарда әдетте жаттығу алаңында бір уақытта алты ер немесе төрт әйелдер командасы (снарядтар санына сәйкес) өнер көрсетеді. Бағдарламаның бір түрінде өнер көрсетуді аяқтағаннан кейін команда келесі снарядқа ауысады.

Олимпиада ойындары әлем чемпионатынан бірқатар ерекшеліктерімен айқындалады, соның ішінде ең бастысы — қатысушылар санының шектеулі болуы. Олимпиадаға тек алдыңғы әлем чемпионатында үздік нәтижелерге қол жеткізген 12 ерлер және 12 әйелдер ұлттық құрамасы жолдама алады. Сонымен қатар Олимпиада ойындарында жекелей сайыста бақ сынайтын спортшылардың жалпы саны — 98 (ерлерде де, әйелдерде де).

Бұл санда жоғарыда аталған 12 үздік құраманың атлеттері ғана емес, сондай-ақ әлем чемпионатында 13-орыннан төмен нәтиже көрсеткен елдердің өкілдері де бар. Оған қоса, Халықаралық гимнастика федерациясы (FIG) жеке тәртіппен іріктеген бірқатар спортшыларды да қамтиды.

Ережеге сәйкес, финалдық жарыстарға бір елден 2 спортшыдан артық қатыса алмайды.

Өзге де ережелер

Қазіргі спорттық гимнастикада жарыс тәртібіне қатысты кейбір арнайы шектеулер де бар.

— снарядтан снарядқа ауысу ұйымдасқан түрде жүзеге асады;
— жарысқа қатысушыларға жаттығуға дайындалу үшін 30 секунд (қоссырықта — 50 секунд) уақыт беріледі, содан кейін олар жаттығуды орындауға шақырылады;
— бағдарлама орындау барысында бапкер гимнастпен сөйлесе алмайды;
— жарыс кезінде қатысушылар арнайы рұқсатсыз алаңнан шығып кете алмайды.

Ережеге сәйкес, тәртіп бұзған жағдайда гимнасттың өзіне және бүкіл командаға да жаза қолданылады.

Сондай-ақ, спорттық киім үлгісін сақтамау да гимнасттың нәтижесіне әсер етуі мүмкін. Бірінші ескерту ұпайдың шегерілуіне әкеледі. Тіпті абсолюттік есептегі жарыстан шығарып тастағанға дейін өрбуі ықтимал. Снарядтағы жаттығуларды орындау кезінде жарақаттардың алдын алу үшін алақанға арналған арнайы былғары төсемдерді қолдануға рұқсат етіледі.