2025 жыл Қазақстанның Ұлттық гимнастика федерациясы үшін жоғары нәтижелер мен маңызды жүлделерге қол жеткізген сәтті кезең болды. Сондай-ақ гимнастиканың барлық бағытын одан әрі дамыту үшін маңызды шешімдер қабылданды.
Әлем кубогы, Азия және әлем чемпионаттарындағы көрсеткіш, төрелік пен білім беру саласындағы ілгерілеу, сондай-ақ сәтсіздіктерге жасалған терең талдау келесі цикл мен Азия ойындарына дайындықтың берік негізін қалады.
Спорттық гимнастика
Маусым бойы қазақстандық гимнастар Әлем кубогы кезеңдерінде сәтті өнер көрсетті. Жыл қорытындысында Қазақстан құрамасы он алтын медаль жеңіп алды.
Ерлер арасындағы спорттық гимнастикада Әлем кубогының рейтингінде Нариман Курбанов ат снарядындағы жаттығуда екінші орынға ие болса, Зейнолла Ыдырысов үшінші сатыға көтерілді.
Милад Карими еркін және кермедегі жаттығуларда бірінші орынмен маусымды аяқтады. World Challenge Cup рейтингінде Зейнолла Ыдырысов ат снарядындағы жаттығуда көш бастаса, Диас Тойшыбек екінші орынға тұрақтады.
Қазақстан Ұлттық гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова маусым қорытындылап, бұл нәтижелердің маңыздылығын атап өтті.
“Жалпы алғанда, жыл сәтті өтті деуге болады. Ең алдымен, биыл Әлем кубогы кезеңдерінде он алтын медаль жеңіп алғанымызды атап өткім келеді. Бұл — маңызды көрсеткіш. Себебі әлемдік деңгейдегі, ең мықты спортшылар қатысатын турнирлердегі нәтижелер құраманың тұрақтылығы мен дайындық деңгейін айшықтайды. Сонымен қатар әлем чемпионатында алғаш рет үш финалға шыққанымызды ерекше атап өткім келеді”.
Сондай-ақ қазақстандық гимнастар Азия чемпионатында да табысты өнер көрсетті. Ерлер құрамасы командалық есепте қола жүлдеге ие болды. Нариман Курбанов ат снарядындағы жаттығуда алтын медаль алса, Милад Карими еркін жаттығуларда күміс жүлде еншіледі. Жасөспірімдер құрамасы да командалық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінді.
“Азия чемпионатының қорытындысы бойынша командалық есепте үздік үштікке ендік. Яғни, іс жүзінде Жапония мен Қытай секілді көшбасшы елдермен қатар тұрмыз. Бұл нәтиже қазіргі таңда команданың Азия құрлығында бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді. Жасөспірімдер де өздерін жақсы қырынан көрсетті. Бұл біз үшін өте маңызды, өйткені сабақтастық және қосалқы құраммен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын білдіреді”, — деді Әлия Юсупова.
Көркем гимнастика
Жылдың басты жетістіктерінің бірі — Ақмарал Ерекешеваның жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы сәтті өнері. Ол аталған додада екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды.
“Бізде оң нәтижелер мен жетістіктердің саны аз емес. Ең алдымен, Ақмарал Ерекешеваның жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы атанғанын атап өткім келеді. Бұл – спортшы үшін де, бүкіл дайындық жүйесі үшін де өте үлкен жетістік. Біз алғаш рет әлем чемпионатында алтын медаль алдық”, — деді федерация басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан құрамасы көркем гимнастикадан топтық жаттығуларда Ташкент пен Бакуде өткен Әлем кубогы кезеңдерінде екі қола медаль иеленді. Азия чемпионатында Айбота Ертайқызы таспамен орындалатын жаттығудың финалында алтын, көпсайыста қола жүлдеге қол жеткізді. Айым Мейіржанова ұршықтармен орындалатын жаттығудың финалында қола медаль алса, сеньорлар құрамасы күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Спорттық акробатика және батуттағы гимнастика
Спорттық акробатикада Даниэль Диль мен Вадим Шулярдан құралған ерлер жұбы Дүниежүзілік ойындардың финалына шығып, жалпы есепте төртінші орын алды. Гоада өткен Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар тепе-теңдікке байланысты жаттығуда алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының командалық есептегі жеңісіне өз үлесін қосты.
Батуттағы гимнастикада Даниил Мусабаев пен Никита Тумаков Әлем кубоктарының рейтингісі бойынша синхронды секіруден бірінші орынға ие болды. Ерлан Тасмағамбетов пен Роман Барков үшінші сатыға көтерілді. Аралас синхронды секіруде Ерлан Тасмағамбетов пен Виктория Бутолина маусымды төртінші орынмен аяқтады.
Айтулы жетістіктерге қарамастан, Әлия Юсупованың айтуынша, маусымда жан-жақты талдауды талап еткен күрделі сәттер де болды.
“Сәтсіздіктерге қарамастан, маусым сәтті аяқталды. Әлем чемпионатында басты үміт спорттық гимнастикадағы ерлер құрамасына артылды. Алайда, өкінішке қарай, күткен нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмады. Біз тиісті қорытындыларды жасап, сәтсіздіктердің себептерін анықтадық. Қай бағытта жұмыс істеу керектігін түсінеміз және бұл алдағы дайындықта міндетті түрде ескеріледі”.
2025 жылы спорттық нәтижелермен қатар төрешілер корпусын дамыту және білім беру бағдарламаларына да ерекше көңіл бөлінді.
“Биыл Olympic Solidarity бағдарламасы аясында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің қолдауымен батуттағы гимнастика бойынша білім беру семинарын өткіздік. Бұл курсқа жаттықтырушылар мен төрешілер қатысты. Бұған дейін дәл осындай семинарларды спорттық және көркем гимнастика бойынша да ұйымдастырған едік.
Жыл бойы гимнастиканың барлық түрі бойынша халықаралық санаттағы төрешілер санын арттыру бағытында жұмыс жүргізілді. Алматыда спорттық акробатика бойынша халықаралық төрешілер семинары өтіп, емтихандар қабылданды”, — деді Әлия Юсупова.
Алдағы маусымда Қазақстан құрамасы үшін басты жарыс – Азия ойындары болмақ.
“Келесі жылы бізді Азия ойындары күтіп тұр. Бұл – медальдық есеп тұрғысынан үлкен үміт артылатын аса маңызды жарыс.
Сонымен қатар жарыс күнтізбесінде құрлықтық және әлемдік деңгейдегі бірқатар турнир бар. Біз әрдайым тек көшбасшы немесе тек аутсайдер болып жүретін командалар болмайтынын жақсы түсінеміз. Бәсеке өте жоғары, қарсыластардың барлығы мықты. Біздің спортшылар да дамуын тоқтатпай, негізгі жарыстарда лайықты өнер көрсетіп жүр. Біз жүйелі жұмысымызды жалғастыра береміз”, — деп түйіндеді федерация басшысы.
Бас серіктес — «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ
Серіктес — Sport Qory спортты қолдау қоры
