kkruКазахстанская федерация гимнастики

Лола Әділбекова: басты басымдық — алдағы жылдарға арналған берік жүйе қалыптастыру

Қазақстан ұлттық құрамасы көркем гимнастикадан табысты әрі жарқын сәттерге толы маусымды аяқтауда. Бұл кезең команда үшін жарқын жеңістермен және маңызды жетістіктермен есте қалды. Ұлттық құраманың қазіргі жағдайы, жаңаруы, жастармен жұмыс және алдағы жылдарға қойылған стратегиялық мақсаттар туралы бас бапкер Лола Әділбекова айтып берді.

– Сіз ұлттық құраманы біраз уақыттан бері жаттықтырып келесіз. Қазір команда қай бағытта дамып жатыр?

– Бас бапкер қызметіне келгеніме бір жыл толған жоқ. Соған қарамастан, бұл маусымды нашар өткіздік деп айта алмаймын. Қазіргі таңда гимнаст қыздар бағдарламаларын жаңартып, күрделендіріп жатыр. Әр спортшының өз алдына қойған міндеттері бар, жұмыс жүйелі түрде жалғасуда.

– Биылғы маусымда қазақстандық көркем гимнастика жарқын нәтижелермен қуантты. Соның ішінде сіз үшін ең маңызды жетістікті атап өтсеңіз?

– Топтық жаттығуларда өнер көрсеткен қыздар ерекше қуантты. Сингапурда өткен Азия чемпионатында көпсайыстан алтын медаль жеңіп алды. Бұл — өте маңызды нәтиже. Сонымен қатар юниорлар арасында өткен әлем чемпионатындағы тарихи жетістікті атап өткім келеді. Ақмарал Ерекешева доп және таспамен орындалатын жаттығуларда алтын медаль алып, тарихта қалды.

– Қазір құрамда табиғи түрде жасару, жаңару процесі жүріп жатыр. Бұл буынның басты артықшылығы неде деп ойлайсыз?

– Мақсатшылдық та, қажетті техникалық қабілет те бар. Қаңтар айынан бастап бірқатар жас гимнаст қыздар ұлттық құрамаға қосылады. Ақмарал Ерекешева юниорлар арасында маусымды тұрақты әрі сенімді өткізді. Ал биыл қазан айынан бастап ол ересектер бағдарламасы бойынша жұмыс істей бастады. Біз әр спортшының даму барысын мұқият бақылап отырмыз.

– Соңғы жарыстар команданың топтық та, жекелей жаттығуларда да әлеуеті бар екенін көрсетті. Осы екі бағыт арасындағы тепе-теңдікке қалай қарайсыз?

– Топтық жаттығулардағы гимнастар өздерінің арнайы жоспары бойынша дайындалады. Жеке бағдарламамен өнер көрсететін спортшылардың да жеке жұмыс жоспары бар. Ұлттық құраманың әрбір мүшесінің мақсаты, міндеті, жаттығу процесі әртүрлі. Ең бастысы – жүйелілік бар және даму бағыттары бекітілген.

– Өңірлік және халықаралық жарыстарда команда үнемі жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Бұл нәтижелерге жету жолында бапкерлік жұмыстың қай қырын ерекше атап өтер едіңіз?

– Күнделікті жүйелі жаттығу, үздіксіз білім алу. Әр жарыстан кейін міндетті түрде талдау жасаймыз. Бағдарламаға жаңа әрі қызықты элементтер қосамыз. Бұл — үздіксіз жүретін процесс және ол нәтижеге тікелей әсер етеді.

– Юниорлар құрамасында да жарқын жеңістер бар. Жас спортшылардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуы қаншалықты маңызды?

– Бұл өте маңызды. Біз дәл соған ұмтыламыз. Сонымен қатар бұл жағдай негізгі құрамға да оң әсер етеді. Себебі тәжірибелі гимнаст қыздарға босаңсуға мүмкіндік бермей, алға ұмтылуға ынталандырады.

– Мысалы, Ақмарал Ерекешеваны ересектер құрамына қалай бейімдейсіздер?

– Қазан айында Шымкентте өткен Қазақстан кубогында Ақмаралдың ересектер құрамына өте оңай сіңісіп кеткенін байқадық.

– Париж Олимпиадасынан кейін көптеген мықты құрамалар тәжірибелі спортшыларын сақтап қалды. Осындай жағдайда Қазақстан өз даму стратегиясын қалай қалыптастырып отыр?

– Халықаралық мамандармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бағдарламаларды құрастыру және түзету жұмыстары бойынша болгариялық маман көмектеседі. Бұл өз нәтижесін беруде.

– Қазіргі бәсекелестік деңгейін қалай бағалайсыз?

– Бәсеке жылдан жылға күшейіп келеді. Әлемде мықты құрамалар өте көп. Енді халықаралық аренаға Ресей мен Беларусь те қайта оралуда. Сондықтан бәсекелестік өте жоғары деңгейде болады.

– Жетістіктер көбейген сайын күтілетін нәтиже де арта түседі. Осындай кезеңде жоғары мақсат пен тұрақты, жоспарлы еңбектің арасындағы үйлесімділікті қалай сақтайсыз?

– Әрине, мақсат-мүдде бар. Бірақ ең бастысы – тұрақты өнер көрсету. Мұқият, жоспарлы жұмыс қажет. Жаттығу барысын күрделендіріп, жүктемені арттырғымыз келеді. Алайда спортшының денсаулығына мән беріп, жарақаттың алдын алу — басты міндет.

– Техникалық тұрақтылықты арттыру үшін дайындықта қандай өзгерістер енгіздіңіздер?

– Біз Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсуповамен көп жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Осы уақыт ішінде одан көп нәрсе үйрендім. «Сан көп болса, сапа болады» деген ұстанымды толық қолдаймын. Бір орталықта жиі жиналып, оқу-жаттығу жиындарын өткізу маңызды. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

– Әсіресе ересектер санатына өткен гимнаст қыздарға қандай психологиялық қолдау көрсетесіздер?

– Спорт шебері дәрежесіне дейін балалар жеңіл әрі еркін өнер көрсетеді. Ал ересектер құрамына өткенде жауапкершілік артады, ірі жарыстар көбейеді. Осындай сәтте әңгімелесу, қолдау көрсету өте маңызды. Әр спортшымен жеке жұмыс істеу қажет.

– Қазір сіз үшін маңыздысы – жедел нәтиже ме, әлде ұзақмерзімді жүйе құру ма?

– Мен үшін басты басымдық — алдағы жылдарға арналған дұрыс әрі тиімді жүйе қалыптастыру. Тек сол арқылы ғана тұрақты нәтижеге жетіп, мықты қосалқы құрам дайындауға болады.

– Әрине, әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстар бар шығар?

– Бізде төрешілердің төрт бригадасы бар, соның бірі әртістікке баға береді. Әртістік — бұл тек күлімсіреу емес. Бұл — толық денемен жұмыс істеу, элементтер мен тәуекелдер арасындағы ауысулар. Тіпті, дене элементтерін орындау кезінде де қозғалысты әуен ырғағына сай қолмен, баспен немесе аяқпен нақты екпін түсіру қажет.  Қазір осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз.

– Алда жаңа маусым тұр. Келесі жылға қандай міндеттер қойылды?

– Құрам толық жасақталды. Ендігі басты міндет — формаға келу. Өйткені ақпан айының басында Қазақстан чемпионаты өтеді. Ал наурызда Грекияда халықаралық турнир болады. Сол жерде гимнастарды Әлем кубогының кезеңдеріне іріктеймін.

Айта кетерлігі, 2026 жыл өте күрделі, бірақ қызықты болады. Қазан айының басында Жапонияда Азиа ойындары өтеді. Бұл — басты жарыс. Сонымен қатар Азия және әлем чемпионаттары бар. Сондықтан спортшыларды тығыз жарыс күнтізбесіне барынша дайындаймыз.

Бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ

Серіктесі – Sport Qory спортты қолдау қоры

Leave a Reply