kkruНациональная федерация гимнастики Казахстана

Қазақстан спорттық гимнастикадан Азия ойындарында үш финалға өтті

Қазақстан құрамасы спорттық гимнастикадан Аичи мен Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының іріктеу кезеңінде сынға түсті.

Қазақстан атынан Нариман Курбанов, Милад Карими, Дмитрий Патанин, Нуртан Идрисов, Ильяс Азизов бақ сынады.

Жекелей сайыста ұлттық құрама сапында Милад Карими еркін жаттығуларда 13.833 ұпай еншілеп, финалға өтті. Одан бөлек жерлесіміз кермедегі жаттығуда 13.133 ұпай жинап, іріктеуден сәтті өтті.

Сондай-ақ командалық сайыста Қазақстан құрамасы 237.829 ұпай жинап, төртінші орынға жайғасты. Осылайша ұлттық құрама финалға жолдама алды.

Ал жекелей көпсайыста Нуртан Идрисов тоғызыншы орын, Ильяс Азизов 13-орынға тұрақтады. 

Қытайлық Чжан Бохэн жекелей көпсайыста топ жарды. Жапониялық Синносукэ Ока екінші орын алса, оның отандасы Дайки Хасимото үздік үштікті түйіндеді.

Нариман Курбанов, Ильяс Азизов, Нуртан Идрисов, Дмитрий Патанин жекелей жаттығуларда ақтық сынға өте алмады.

Айта кетейік, ерлер арасындағы іріктеу кезеңінің нәтижесі жекелей снарядтардағы финалға шығатын спортшыларды, сондай-ақ, жүлде үшін күресін жалғастыратын командаларды анықтайды. Әр снаряд бойынша финалға үздік сегіз гимнаст жолдама алады. Бұл ретте бір елден ең көп дегенде екі спортшы ғана финалда өнер көрсете алады. Ерлер арасындағы командалық финал 23 қыркүйекте өтеді.

Сурет: Арлан Олжабай

Leave a Reply