Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нариман Курбанов спорттық гимнастикадан Аичи мен Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы іріктеу кезеңінде көрсеткен өнеріне қатысты пікір білдірді.
Ат снарядындағы жаттығуға маманданған қазақстандық гимнаст комбинация кезінде қателік жіберіп, финалға өте алмады.
«Мен элементті сәл жеңілдетемін деп шештім. Бәрі жақсы өтіп жатты. Бірақ комбинацияның соңында күтпеген қателік жібердім. Босаңсып кеттім деп айта алмаймын. Бірақ «бәрі аяқталды» деп ойлап қалған сәт болды. Сол кезде еш себепсіз аттан ұшып кете жаздадым.
Осындай қателік жібергеніме қатты өкінемін. Өйткені жаттығуды асықпай, сенімді түрде орындап келе жатқанмын. Әрине, көздегенім – тек алтын медаль еді.
Қазір болған жағдайды толық қабылдау қиын. Алғашқы бірнеше сағатта не болғанын өзің де толық түсіне алмайсың. Кейін бейнежазбаны қайта қарап, қай жерден қателескеніңді талдайсың. Сонда ғана бәрі жақсы өтіп келе жатқанын, ал кеткен қателікке өзіңнен басқа ешкім кінәлі емес екенін түсіне бастайсың.
Ешқандай жарақат немесе басқа да мәселе болған жоқ. Психологиялық тұрғыдан да бәрі жақсы еді. Тек сол сәтте элементті жеңілдетемін деп шештім, бұл өзіме қиындық әкелді.
Команда туралы айтатын болсам, бүгін іріктеу кезеңі болғанын ескерсек, жаман нәтиже көрсеткен жоқпыз. Енді сәрсенбі күні командалық бәсекеде жүлде үшін күресуге мүмкіндік бар», – деді Курбанов.
Айта кетейік, Курбанов 14,200 ұпай жинап, іріктеу кезеңін 11-орынмен аяқтады.
Сурет: Арлан Олжабай
