Дохада спорттық гимнастикадан әлем Кубогы кезеңі басталды

17 сәуірде Қатар астанасында спорттық гимнастикадан әлем Кубогы кезеңі басталды. Онда ел намысын 6 спортшымыз қорғап жатыр.

Кеше жарыстың алғашқы күні өтіп, спортшылар іріктеу кезеңінде сынға түсті. Төрт отандасымыз финалға жолдама алды.

Гимнастикалық ат снаряды жаттығуында ұлттық құрама үздігі Нариман Құрбанов 15.033 ұпай алып, екінші орынмен финалға өтті.

Еркін жаттығуда ел намысын Милад Карими (14.533 ұпай, 1-орын) мен Дмитрий Патанин (14.200 ұпай, 3-орын) қорғап, қос спортшымыз да финалға өтті.

Ал әйелдер арасында Аида Бауыржанова қол тіреп секіру жаттығуында 12.733 ұпай еншілеп, 7-орынға тұрақтады. Гимнасшымыз 19 сәуір күні финалда бақ сынайды.

Айта кетейік, Дохадағы әлем Кубогы кезеңі нәтижесі қорытындысында Париж Олимпиадасы жолдамасының иегерлері белгілі болады.

Leave a Reply