Қазақстандық гимнаст Милад Карими Аичи-Нагоя-2026 ХХ жазғы Азия ойындарында еркін жаттығудың финалында жүлдеге қол жеткізді. Бұл жүлде Қазақстан үшін тарихи жетістік болды. Өйткені еліміз аталған бағдарламада соңғы 32 жылда алғаш рет жүлде алып отыр.
Финалдан кейін Милад Карими өнеріне қатысты пікірін білдіріп, бәсекенің жоғары деңгейде өткенін айтты.
«Кез келген жүлде мен үшін қымбат. Оның артында орасан зор еңбек жатыр. Бәсеке оңай болған жоқ. Бүгін іріктеу кезеңіне қарағанда жеңіске деген құлшынысым жоғары болды. Алғашқы күндері бәрі ойдағыдай бола бермеді: күрделі элементтерді орындауда қиындықтар болды, соның салдарынан командалық есепте төртінші орын алдық.
Ал бүгін бәрі ойдағыдай өтті. Бірінші орынға сәл ғана жетпей қалдым. Дегенмен өз жұмысымды атқарып, барымды салдым.
Медаль алғаннан кейін, ертеңгі жарысқа алаңсыз шығатын болдым. Кермедегі жаттығуда жүлдеге таласуға мүмкіндігім жоғары. Бұл — менің ең мықты тұсым», – деді Милад Карими.
Спортшы жеке жаттықтырушысына, командасына, дәрігеріне және өзіне қолдау көрсеткен барша жанға алғысын білдірді. Ол бұл жүлдені барлығының ортақ еңбегінің жемісі екенін атап өтіп, жеңісін сол жандарға арнады.
Сурет: Никита Басов
