Қазақстан Еуразия құрлығының дәл жүрегінде, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан жерде, шығыс бойлықтың 45 пен 87 градусы және солтүстік ендіктің 40 пен 55 градусы арасында орналасқан. Қазақстан аумағының шамамен 15%-ы Еуропаға, ал 85%-ы Азияға жатады. Еуропа мен Азия субқұрлығының географиялық орталығы дәл Қазақстан аумағында (78-меридиан мен 50-параллельдің қиылысында) орналасқан. Қазақстан – орталық байланыстырғыш әрі транзиттік аймақ.
Қазақстан шығысында — Қытай Халық Республикасымен (1460 шақырым), оңтүстігінде -Қырғызстанмен (980 шақырым), Өзбекстанмен (2300 шақырым), Түрікменстанмен (380 шақырым), ал батысы мен солтүстігінде — Ресей Федерациясымен (6477 шақырым) шектеседі. Сонымен қатар Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан және Иран мемлекеттерімен су шекарасы бар (ұзындығы 1730 шақырым).
Қазақстанның аумағы 2724,9 мың шаршы шақырымды құрайды (жер шары бетінің шамамен 2%-ы). Ел аумағы Каспий теңізі мен Еділ маңы жазығынан шығыстағы Алтай тауларына дейін, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында Тянь-Шань етегінен солтүстіктегі Батыс Сібір жазығына дейін созылып жатыр. Елдің батыстан шығысқа дейінгі ұзындығы 3000 шақырымнан асады, ал оңтүстіктен солтүстікке дейінгі арақашықтығы -1700 шақырым.
Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. Яғни, аумағы ең үлкен он елдің қатарына кіреді. Ол Ресей, Канада, Қытай, АҚШ, Бразилия, Аустралия, Үндістан және Аргентинадан кейінгі орында.
2004 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстан халқының саны шамамен 15 миллион адамды құрап, халық тығыздығы бір шаршы шақырымға 5,5 адамнан келеді.
Қазақстанның аумағы батыстағы Еділ өзенінің төменгі ағысынан бастап, шығыстағы Алтайға дейін, солтүстіктегі Батыс Сібір жазығынан оңтүстіктегі Тянь-Шань тауларына дейін созылып жатыр. Елдің оңтүстік-шығысында биіктігі 7000 метрге дейін жететін Хан-Тәңірі тау алқабы орналасқан.
Қазақстан Республикасының астанасы — Астана қаласы (1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап).