Лола Әділбекова: құрамамыз жас болса да, шынайы командалық рух танытып, ел намысын абыроймен қорғады

Қазақстан құрамасы көркем гимнастикадан Сингапурда өткен Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Спортшылар бірнеше медаль жеңіп алды, олардың екеуі — алтын. Ұлттық құраманың бас бапкері Лола Әділбекова Olympic.kz сайтына берген сұхбатында құрлықтық турнирді қорытындылап, маусымдағы басты жарыстардың бірін атады.

Еске сала кетейік, Сингапурда Айбота Ертайқызы таспамен жаттығу бойынша финалда алтын медаль, ал көпсайыста қола медаль жеңіп алды. Айым Мейіржанова ұршықтармен жаттығуда үшінші орыннан көрінді. Топтық жаттығуларда қазақстандықтар шығыршық және доппен жаттығу финалында, сондай-ақ көпсайыста бірінші орын алды. Оған қоса, бес таспамен жаттығуда және командалық көпсайыста құрамамыз екінші орынды иеленді.


— Азия чемпионатына дайындық қайда және қалай өтті?

— Дайындық Астанада өтті. Чемпионатқа қатысқан гимнастардың бәрі осында өмір сүріп, күнделікті жаттығуларын өткізеді. Сондықтан дайындық кезеңі елордада ұйымдастырылды.

— Ұлттық құраманың өнерін қалай бағалайсыз? Жас спортшылар өздерін қаншалықты деңгейде көрсете алды?

— Құрама өте жақсы өнер көрсетті. Айбота Ертайқызы — тәжірибелі гимнаст. Турнир қорытындысы бойынша көпсайыста қола медаль иеленіп, таспамен жаттығудың финалында жеңіске жетті. Айым Мейіржанова алғаш рет ересектер арасындағы Азия чемпионатына қытысып, бірден жақсы нәтиже көрсетті. Ол ұршықтармен жаттығуда үшінші орын алды. Жас спортшылар өз әлеуетін толықтай көрсете білді. Бұл – болашағымыздың жарқын екеніне дәлел.
— Милана Парфилова неге чемпионатқа қатысқан жоқ? Оның болмауы жарақатпен байланысты ма?

— Азия чемпионатына іріктеу Болгария, Баку, Ташкенттегі Әлем кубогының кезеңдері мен Грекиядағы халықаралық турнирдің нәтижелері бойынша өтті. Әлем кубогына әр елден екі гимнаст қатысады. Сол жарыстардың қорытындысы бойынша Айбота Ертайқызы мен Айым Мейіржанова ұлттық құраманың сапына енді.

Милананың жарақаты бар, бұл – жоғары деңгейдегі спортшылар үшін қалыпты жағдай. Бұл – олардың кәсібінің бір бөлігі. Мұндай жағдайдан ешкім де сақтандырылмаған. Қазір ол ем-дом қабылдап, қалпына келу жұмыстарынан өтіп жатыр.

— Чемпионат алдында жоспарланған нәтижелерге қол жеткізе алдыңыздар ма?

— Ұлттық құраманың бас бапкері ретінде нәтижеге көңілім толады деп айта аламын. Құрамамыз жас болса да, шынайы командалық рух танытып, ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстанға медаль сыйлады. Туризм және спорт министрлігінен бастап, Федерацияға дейінгі барлық деңгейде жұмыс үйлесімді жүргізіліп жатыр. Біз біртұтас команда ретінде әрекет етудеміз.
— Жарыс уақытында жарақат алған гимнастар болды ма?

— Бақытымызға орай, жарақаттар болған жоқ. Барлық спортшы турнирді сәтті аяқтады.

— Жоспар бойынша алдағы дайындық жұмыстары қалай өтеді?

— 23–26 мамыр аралығында Астанада 2009 жылы туған және одан үлкен спортшылар арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Маусым айында қыздар аздап демалады. Содан кейін қайта жаттығуға кіріседі. Шілде айының басында тереңдетілген медициналық тексеруден өтеді. Ал ай соңында Румынияда өтетін Әлем кубогының кезеңіне аттанады. Жылдың басты жарыстарының бірі — тамыз айындағы Бразилияда өтетін әлем чемпионаты. Біздің басты мақсатымыз — Қазақстанды жеке және топтық жаттығуларда лайықты деңгейде таныстыру.

— Азия чемпионатынан кейін бапкерлер штабы қандай қорытынды жасады?

— Қателіктермен жұмыс жүргізілді. Әртістік өнер мен бағдарламаларды тұрақты орындау бағытында көбірек жұмыс істеу қажет.
— Халықаралық жарыстарға құрама қалай іріктеледі?

— Біз спорттық қағидаға негізделген іріктеу жүйесін ұстанамыз. Құрамалар ресми жарыстардың нәтижесі мен гимнастардың ағымдағы спорттық бабына байланысты жасақталады. Іріктеу жүйеміз өзгеріссіз қалады.

Дереккөзі: https://olympic.kz/kk/article/33509-lola-adilbekova-u-nas-molodaya-komanda-no-devushki-proyavili-dukh-i-prinesli-kazakhstanu-medali

Leave a Reply