Қазақстандық гимнаст Милад Карими жаңа жарыс маусымын алтын медальмен бастады. Ол Германияның Котбус қаласында өткен Әлем кубогының алғашқы кезеңінде жеңіске жетті.

Еркін жаттығуда ол мықты қарсыластарын, соның ішінде әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын жапондық Казуки Минамиді басып озды. Айта кетейік, соңғы әлем чемпионатында Карими дәл осы спортшыға жол берген болатын.
Бұл кезеңге 27 елден 120 гимнаст қатысты. Барлық қатысушылар жаңартылған ережелерге сәйкес жаңа бағдарламаларын сынап көрді.
Карими еркін жаттығуда жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ол іріктеу кезеңін екінші орынмен аяқтап, финалда алтын жеңіп алды. Сондай-ақ, ол керме жаттығуында жүлде алу мүмкіндігіне ие болды, бірақ ол ауада орындалатын жаттығуда қателік жіберді.
“Шынымды айтсам, бағдарламам әлі толық пысықталмаған. Олимпиададан кейін ережелер өзгерді. Дегенмен, маусымды жеңіспен бастағаныма қуаныштымын. Бұл – дұрыс бағытта келе жатқанымыздың белгісі.
Керме жаттығуында да жүлде үшін күрескім келді. Бірақ қателік жібердім. Бағдарламам өте күрделі, әрі 100 пайыз дайын емес. Сондықтан әрі қарай жұмыс істеп, өзгерістер енгіземін.
Биылғы басты жарыстар – Азия және әлем чемпионаттары. Оған дейін бабыма келемін деп үміттенемін. Ал қазіргі сәтте жеңістің қуанышын сезініп тұрмын. Бұл – тек менің ғана емес, бүкіл командамның еңбегінің нәтижесі”, – деді Карими.
Басқа қазақстандық гимнасттар да мықты бағдарламалар ұсынды, бірақ финалға өте алмады.
Зейнолла Ыдырысов гимнастикалық ат снарядында ең күрделі бағдарламалардың бірін орындағанымен, секіруде құлап, жүлде үшін күресті жалғастыра алмады. Ал Дмитрий Патанин еркін жаттығуда өз комбинациясын таза орындағанымен, соңғы бөлімінде қателік жіберіп, финалдан тыс қалды.
“Барлық спортшыларымыз бағдарламаларын жаңартып, күрделендірді. Бұл комбинациялар әлемдік деңгейдегі гимнасттардың бағдарламасымен бәсекеге қабілетті. Қазір біздің басты міндет – элементтерді пысықтап, орындау тұрақтылығын арттыру. Бұл – Әлем кубогының тек алғашқы кезеңі. Алда бізді маңызды турнирлер күтіп тұр. Маусымның ең маңызды жарыстарына дайындығымызды шыңдауымыз керек.
Айта кетерлігі, Ыдырысовтың (ат снаряды) және Каримидің (еркін жаттығу) бағдарламалары – ең күрделі жаттығулардың қатарында. Біз оларды жетілдіре береміз”, – деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Ким.