Қазақстан гимнастика федерациясы Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті және Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) қолдауымен көркем гимнастика бапкерлері мен төрешілеріне арнап үшкүндік техникалық семинар өткізді.
Бұл оқу курсы Алматыда Olympic Solidarity желісі бойынша өтті. Курстың мақсаты – жаңа олимпиадалық айналым қарсаңында қазақстандық мамандарды оқыту. 2025 жылғы қаңтар айында барлық пән бойынша жаңа ережелер күшіне енеді.
«Бүгін көркем гимнастика бапкерлері мен төрешілеріне арналған оқу семинары аяқталды. Мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетіне қолдау білдіргені және Олимпиадалық ынтымақтастық желісі бойынша семинарды ұйымдастыруға атсалысқаны үшін алғыс айтқым келеді.
Біз бұл семинарға FIG техникалық комитетінің мүшесі саналатын және 2012 жылғы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Любовь Черкашина сарапшы болғанына өте қуаныштымыз. Семинар жаңа олимпиадалық айналым алдында мазмұнды және пайдалы болды», – деді Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова.
Семинарға Қазақстанның 16 өңірінен 105 адам қатысты. Курс спикері FIG техникалық комитетінің мүшесі Любовь Черкашина болды.
«Көркем гимнастика – бұл төрешілер мен бапкерлерден ережелердің егжей-тегжейін біліп, ондағы өзгерістерге тез бейімделуін қажет ететін спорт түрі. Семинарға қатысуға ниет білдіргендер саны көп болғанына өте қуаныштымыз, бұл қазақстандық мамандар өз қоластындағылардың деңгейін арттыруға ұмтылатынын және елде бұл спорт түрін дамытуға ниетті екенін білдіреді.
Гимнастика федерациясы мен ҰОК-тың жұмысының арқасында шара жоғары деңгейде өтті. Біз ХОК-тың Olympic Solidarity бағдарламасының қолдауымен өткізілген бұл жобаны жүзеге асырғанымызға ризамыз. Келесі аптада осындай семинар спорттық гимнастикадан өтеді», – деді спорт департаментінің басшысы Бектұр Қиятбай.
Айта кетелік, спорттық гимнастика бойынша семинар 14 қазан күні басталмақ.
Анықтама үшін: Olympic Solidarity жобасы ХОК жобаларының ішіндегі ең ауқымдысы. Ол өз ішіне Ұлттық Олимпиадалық комиттердің Олимпиадалық қозғалысты ұлттық деңгейде дамытуын қолдау жөніндегі түрлі бағдарламаларды жоспарлау, ұйымдастыру және үйлестіруді қамтиды. Жобаның арнайы қоры 1981 жылы құрылған. ХОК Ұлттық Олимпиадалық комитеттерге бірқатар бағыт бойынша, оның ішінде атлеттер мен бапкерлерге, техникалық курстарды өткізуге, спорттық жабдықтарды жеткізу және т.б. қаражат бөледі.