Допингке қарсы тестілеу өтті

Қазақстандық гимнастшылар допингке қарсы бағдарлама бойынша тестілеуден өтті

5-11 ақпан аралығында Шымкентте көркем гимнастикадан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Жарыс барысында Қазақстандық гимнастика федерациясы Қазақстан допингке қарсы ұлттық орталығымен (ҚазДҚҰО) бірлесіп спортшылар мен бапкерлерге допингке қарсы қағидалар туралы семинарлар өткізді.

«Қазақстандық гимнастика федерациясы Қазақстанның допингке қарсы ұлттық орталығымен бірге жас спортшылар үшін ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Сол жұмыстардың бірі – WADA ұсынған допингке қарсы Outreach бағдарламасы. Спортшылар допингке қарсы бағдарламаның басты бағыттарымен жылдам интерактивті формада таныса алады. Оны жарыс кезінде ұйымадстыруға болады, өйткені көп уақытты талап етпейді. Оның басты мақсаты – спортшылардың антидопингтік бағдарламаға деген қызығушылығын ояту. Қазақстандық гимнастика федерациясына таза спортқа деген ұмтылысы үшін, спортшылардың адал спорт идеяларын қолдайтындары үшін алғыс білдіремін», – деді ҚазДҚҰО директоры Майра Бакашева.

Outreach бағдарламасы он сұрақтан тұрады. Сегіз және одан көп сұраққа жауап берген спортшылар сыйлық алады. Көркем гимнастикамен шұғылданатын спортшылар үшін мұндай интерактивті бағдарлама екінші рет өткізіліп отырғанын айта кету керек. Бұл шараны ұйымдастыруда Prodanceshop дүкені серіктес болды. Спортшылар допингке қарсы ережелер туралы сынақта жақсы нәтиже көрсетті.