Бүгін, 19 желтоқсанда Алматы қаласында Қазақстандық гимнастика федерациясының есеп беру және сайлау конференциясы өтті. Шара барысында федерацияның есептік кезең аясындағы жұмысы қорытындыланып, жоспарлар мен федерацияның алдағы жылдарда даму стратегиясы талқыланды және Федерация өркендеуінің негізгі бағыттары анықталды.
Әлия Махсұтқызы дауыс берушілердің бірыңғай шешімімен төрт жыл мерзімге Қазақстандық гимнастика федерациясының президенті болып қайта сайланды.
«Өткен төрт жыл бәріміз үшін сәтті болды. Спортшыларымыз өте жақсы, тарихи нәтижелер көрсетті. Алғаш рет гимнастиканың үш түрінде – батуттық, спорттық және көркем гимнастикада Қазақстан құрамасы Париждегі Олимпиада ойындарында бақ сынады. Гимнасшыларымыз Азия ойындарында, Азия чемпионатында, әлем біріншілігінде барлық дисциплина бойынша медаль жеңіп алды. Әрине, Нариман Құрбановтың Олимпиада ойындарындағы тарихи күміс жүлдесін ерекше атап өтуіміз керек. Спорттық акробатика мен аэробика да Азия құрлығындағы жарыстар мен әлем біріншілігінде жақсы нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, төрешілеріміз Халықаралық гимнастика федерациясы (FIG) мен Азия гимнастика одағы (AGU) комитеттері мүшесі атанды. Қазақстандағы гимнастиканың дамуы – осы ортақ іске қатысы бар барша жанның еңбегінің нәтижесі. Балалар бапкері, жетекші, спортшы немесе федерация өкілі болсын, нәтиже – бәріміздің еңбегіміздің жемісі. Біз елдегі гимнастиканы дамытуды, халықаралық аренадағы орнымызды нығайтуды және миллиондаған жанды осы спорт түріне ғашық қылуды жалғастырамыз. Бәріміз бірге жаңа белестерді бағындырамыз және гимнастиканы танымал спорт түрі ете аламыз. Артқан сенімдеріңіз үшін рақмет», – деді Әлия Юсупова Федерация президенті қызметіне қайта сайланғаннан кейін.