Спорттық гимнастикадан Қазақстан ерлер құрамасы Бакудегі Әлем кубогының екінші кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Команданың бас бапкері Александр Ким Olympic.kz сайтына берген сұхбатында гимнастардың нәтижесі олардың дайындығының жоғары деңгейде екенін дәлелдейтінін айтты.
Жарысқа 19 елдің спортшылары қатысты, ал Қазақстан намысын төрт гимнаст қорғады:
— Милад Карими (еркін жаттығулар, керме жаттығулары);
— Дмитрий Патанин (қоссырық және шығыршықтағы жаттығулар);
— Ілияс Әзізов (еркін жаттығулар, ат снаряды және керме жаттығулары);
— Зейнолла Ыдырысов (ат снаряды).

Қазақстандық спортшылар іріктеуден сәтті өтіп, бес финалға жолдама алды. Нәтижесінде Дмитрий Патанин қоссырықтағы жаттығуда күміс медаль (13.400) жеңіп алды. Ол тек жапондық Казуки Мацумиге (14.200) жол берді.
Ілияс Әзізов осы жаттығуда 0.033 ұпай жетпей, жүлдеден тыс қалды. Ол төртінші орынды иеленді (13.000).
Зейнолла Ыдырысов ат снарядындағы жаттығуда қола медаль (14.400) алып, екі америкалық гимнастқа ғана жол берді. Бұл нәтиже оған халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындауға мүмкіндік берді.

«Іріктеу қорытындысы бойынша бес финалға шығу – керемет көрсеткіш. Біздің спортшылар лайықты өнер көрсетті. Сондай-ақ, бұл турнир болашақтағы дайындығымыздың маңызды кезеңі болды.
Патанин өзін тамаша көрсетті. Бұл – оның Әлем кубогының осы дисциплинадағы алғашқы медалі. Ол жақсы дамып келеді. Зейнолла осындай деңгейдегі турнирде екінші рет жүлдеге ілікті. Оның халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындауы да маңызды. Ең өкініштісі Әзізов еркін жаттығулардың іріктеу кезеңінде қателік жіберді. Ол алғашқы жаттығуында құлап қалды. Дегенмен, бес финалға шығу – біздің дайындығымыздың жоғары деңгейін көрсетеді», – деді Александр Ким.

Айта кетейік, Бакудегі турнирде Қазақстан құрамасының медаль саны одан да көп болуы мүмкін еді. Алайда, Милад Карими кермедегі жаттығуда қателік жіберді.
«Милад Карими екі рет жүлдегер атануы мүмкін еді. Бірақ ол керме жаттығуының финалында медальсіз қалды. Милад Кассина элементі кезінде құлап қалды. Соған қарамастан, ол жаттығуды жалғастырып, сенімді түрде аяқтады. Нәтижесінде – төртінші орын (13.833). Бірақ ол еркін жаттығуларда тағы да өзін дәлелдеп, тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетті», – дейді Ким.
Әлем кубогының келесі кезеңі 18-24 наурыз аралығында Анталияда (Түркия) өтеді. Онда Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов сынға түседі. Бұл оның Олимпиададан кейінгі алғашқы халықаралық жарысы болмақ.

Александр Кимнің айтуынша, Түркияда сондай-ақ Зейнолла Ыдырысов (ат снаряды), Асан Сәлімов (еркін жаттығулар, тіреп секіру, керме жаттығулары), Роман Маменов (еркін жаттығулар, шығыршықтағы және қоссырықтағы жаттығулар, тіреп секіру) өнер көрсетеді.
Ал Карими, Патанин және Әзізов халықаралық турнирге Штутгартқа (Германия) аттанады. Бұл жарыста олар Қытай, Жапония, АҚШ, Германия, Бразилия, Франция, Ұлыбритания және басқа елдердің гимнастарымен бақ сынайды. Қазақстан бұл турнирге қатысатын 24 құраманың бірі болмақ.