Сергей Вертянкин: Әлем кубогының кезеңінде бірінші орын үшін таласуға болар еді

Қазақстан құрамасы батуттық гимнастикадан Бакуде (Әзірбайжан) өтіп жатқан Әлем кубогының бірінші кезеңін бір медальмен аяқтады. Ерлер арасындағы синхронды секіруде Данил Мұсабаев пен Никита Тумаков күміс жүлдеге ие болды.

Қазақстандық спортшылар Бакудегі жарыстың бағдарламасындағы барлық дерлік санатта сынға түсті. Батутшылар үш финалға жолдама алды.

Ерлер арасындағы жеке секіруде Қазақстан намысын төрт спортшы қорғады. Олардың ішінде Роман Барков пен Никита Тумаков жартылай финалға дейін жетті. Ал Барков финалға шығып, сегізінші орын алды. Әйелдер арасында Виктория Бутолина шешуші кезеңге өте алмады. Дегенмен ол Ерлан Тасмағамбетовпен бірге аралас командалық синхронды секіруде финалға өтіп, бесінші нәтиже көрсетті.

“Басты жетістігіміз – Данил Мұсабаев пен Никита Тумаковтың синхронды секірудегі күміс медалі. Бағдарламалары өте мықты болды, бәсеке жоғары. Бірақ бірінші орын алған жапон спортшыларына жоғары баға берді.

Бірінші орын үшін күресуге мүмкіндік болды. Бұл жұп алғаш рет бірге өнер көрсетті, сонымен қатар бағдарламаны да қиындатқан едік. Соған қарамастан, жүлделі орынға іліге алдық”, – деді бас бапкер Сергей Вертянкин.

Биылдан бастап батуттық гимнастикада бағалау жүйесіне өзгерістер енгізіліп, жаттығулардың күрделілігіне қойылатын ұпайларға әсер ететін жаңа ережелер күшіне енді. Мұсабаевтың айтуынша, бұл өзгерістер оған тиімді болған.

“Бірінші жарыс сәтті өтті. Ал жаңа ережелер маған қолайлы, өйткені енді күрделі жаттығуларға жоғары баға беріледі. Өткен маусыммен салыстырғанда олардың құны артты. Менің бағдарламам өте күрделі, сондықтан бұл өзгерістер маған пайдасын тигізіп отыр.

Жекелей сында жаңа бағдарламаны сынап көрдім. Енді оны жетілдіру керек. Бәрін дұрыстасам, болашақта жақсы нәтиже көрсетуге болады.

Дайындық жақсы өтті. Бірақ мен әлі толық дайын емеспін, шамамен 50 пайызға ғана бабымдамын. Себебі Бакуге дейін жаңа бағдарламамен ешбір жерде секірген жоқпын. Сондықтан оны 100 пайызға дейін жетілдіру қажет. Сол үшін әрі қарай да жаттыға береміз, барлық жаттығуды пысықтаймыз.

Синхронды секіруден жүлде алу бізді жігерлендіреді. Бұл бізге алдағы жарыстарда жеке бағдарламаларымызбен де медаль ұтып алуға күш береді”, – деп бөлісті Мұсабаев.

Бакуде алғаш рет ресми түрде аралас командалық синхронды секіруден жарыстар өтті. Бас бапкердің айтуынша, бұл санатта да жүлдеге таласуға мүмкіндік бар.

“Спортшылар біртіндеп жаңа жүйеге үйреніп келеді. Әрине, әлі де жұмыс істейтін тұстар бар. Сонымен қатар жаңа ережелер енгізілді. Қазір біз бағдарламаларды түзетеміз. Алда әлі бірнеше маңызды жарыс бар.

Аралас командалық синхронды секіру биыл алғаш рет ресми түрде жарыс бағдарламасына енгізілді. Бұл санатта да бәсекеге түсуге болады. Сондықтан дайындықты жалғастырамыз. Бұл дисциплина барлық жарыстарда бола бермейді, бірақ Кубок әлемі бағдарламасында болған кезде, міндетті түрде өз командамызды шығарамыз.

Маусымдағы басты жарыс – қараша айында өтетін әлем чемпионаты. Сол додаға дейін спортшылар бірнеше кезеңге қатысып, бағдарламаларын сынап, маусымның ең маңызды турниріне дайындалатын болады”, – деп қорытындылады Вертянкин.

Leave a Reply