Батуттағы гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасы маусымды Бакуде өтетін оқу-жаттығу жиынынан бастады.

3-19 ақпан аралығында спортшылар күшейтілген жаттығу лагерін өткізеді, содан кейін 20-25 ақпан аралығында Әзірбайжан астанасында өтетін Әлем кубогының алғашқы кезеңіне қатысады.
“Жиынға Данил Мусабаев, Роман Барков, Ерлан Тасмағамбетов, Никита Тумаков және Виктория Бутолина қатысуда. Бұл спортшылар кейіннен Әлем кубогы кезеңінде сынға түседі. Жақын арада бізге Александр Ромахов пен оның бапкері қосылады. Ол да оқу-жаттығу жиынынан өтіп, кейіннен Бакуде акробатикалық жолда секіруден өтетін Әлем кубогының кезеңінде бақ сынайды”, – деп мәлімдеді ұлттық құраманың бас бапкері Сергей Вертянкин.
Биылғы маусымда батуттағы гимнастикаға бірнеше өзгерістер енгізілді. Ең басты жаңалық – жаңа тәртіптің қосылуы: аралас құрамдағы синхронды секірулер. Яғни, енді жарыстарға ерлер мен әйелдерден құралған аралас командалар қатысады.
Сергей Вертянкиннің айтуынша, жаңа маусымда кейбір элементтерді бағалауға түзетулер енгізілді.
“Халықаралық гимнастика федерациясының Техникалық комитеті элементтердің күрделілігіне қатысты ережелерді өзгертті. Мәселен, артқа айналу элементтері бар жаттығулардың күрделілігі арттырылды. Сонымен қатар үштік сальтоны көп жасайтын спортшыларға арнайы бонустар беріледі.
Мысалы, ерлер арасында бұл элементті бесеуден көп, ал әйелдер бағдарламасында үшеуден көп орындайтын гимнасттар қосымша ұпай алады. Яғни, күрделі комбинацияны жоспарласаң, ол тәуекел өзін-өзі ақтайды”,– деп атап өтті Вертянкин.
Сондай-ақ, бас бапкер осы маусымда Әлем кубогының барлық кезеңдерінде қазақстандық төрешілер жұмыс істейтінін ерекше атап өтті.
“Қазақстан гимнастика федерациясынан батуттағы гимнастика бойынша үш төреші арнайы семинарларға қатысып, өз санаттарын жоғарылатты. Сондықтан Әлем кубогының барлық кезеңдерінде біздің елдің жоғары білікті төрешілері төрелік ететін болады”, – деді маман.
Осы өзгерістер аясында команда бағдарламалардың күрделілігін арттыруға жұмыс істеп жатыр.
“Біз бір орында тұрған жоқпыз. Спортшылар өз бағдарламаларының күрделілігін көтерді. Олимпиада ойындарының қатысушысы Данил Мусабаев үштік сальто санын көбейтті. Барлығы Бакуде ойдағыдай өтеді деп үміттенеміз. Күшті өнер көрсетеміз.
Әлем кубогының кезеңіне дейін уақытымыз аз. Бірақ барымызды саламыз. Бұл – маусымдағы алғашқы Әлем кубогы. Жарыс барысына біртіндеп енеміз. Финалға шығуды жоспарлап отырмыз. Мусабаев өзінің дайындаған жаттығуларымен жүлде ала алады деп сенеміз”, – деді Вертянкин.
Жалпы, биыл Әлем кубогының алты кезеңі өтеді, алайда маусымның басты жарысы қараша айында Испанияда өтетін әлем чемпионаты болмақ.
“Барлық дайындық негізгі жарыстарда сәтті өнер көрсетуге бағытталған. Алғашқы Әлем кубогы кезеңінде біз қандай элементтерге жоғары баға берілетінін бағалап, өзімізді тексереміз және түзетулер енгіземіз. Кейіннен жыл бойғы ең маңызды дода – әлем чемпионатына дайындаламыз”, – деп түйіндеді Вертянкин.